- ЖАҢАЛЫҚТАР59 просмотров

Вакциналанған атыраулықтар 3 ай ұтыс ойындарына қатысады – облыс әкімі

Атырау облысында вакциналау жұмыстарының қарқынын арттыру үшін 3 ай бойы ақшалай сертификаттар ұтысқа қойылады. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Үкімет отырысында осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«26 маусымнан бастап коронавирустың тіркелуі жоғарылап, өңір «қызыл» аймаққа өтті. Соңғы тәулікте індетті жұқтырудың 66 жағдайы анықталып, репродуктивтік коэффициенті 1,27-ге жетті. Жағдайды тұрақтандыру үшін бас санитар дәрігердің қаулысымен 28 маусымнан бастап Атырау облысы бойынша карантиндік шектеу шаралары күшейтіліп, «Теңіз» кен орнындағы карантин ұзартылды», – деген әкім өңірдегі инфекциялық стационарлардың жүктелімі туралы да ақпарат берді.

«Облыста инфекциялық төсек-орын саны – 2098. Жүктеме – 346 науқас немесе 16,5 пайыз. Бұл бірінші маусымдағы жағдаймен салыстырғанда 21 пайызға төмен. Өңірде 81 реанимациялық төсек-орын бар. Онда 25 науқас емделуде, жүктеме – 31 пайыз. Бұл бірінші маусымдағы жағдаймен салыстырғанда 10 пайызға төмен. Бұдан бөлек қосымша 750 орын әзірленді. Оның 57-сі реанимациялық орын. Бүгінде 347 науқас амбулаториялық ем қабылдауда. Ол мамыр айының сәйкес кезеңімен салыстырғанда 45 пайызға төмен. Үйде ем алып жатқан науқастарға 26 мобильдік бригада бақылау жасауда», – дейді Махамбет Досмұхамбетов.

Әкімнің айтуынша, шілдеден бастап өңірде 3 ай бойы вакцина алушылар арасында ұтыс ойындары ұйымдастырылмақ. Оған қажет ақшалай сертификаттарды демеушілер ұсынады. «Өңірге бірінші компоненттің 120 200 дозасы, екінші компоненттің 117 200 дозасы жеткізілді. Бірінші компонент 81 861 адамға, екінші компонент 44 827 адамға салынды. Вакциналау қарқыны артып келеді. Өткен аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда екпемен қамтылғандар саны 41 пайызға өсіп отыр. Жалпы екпе жұмыстарын жүргізу үшін облыс бойынша 41 егу кабинеті ашылды. Оның 10-ы – жылжымалы пункт. Демеушілердің көмегімен 30 маусымнан бастап алдағы 3 ай көлемінде екпе алушылар арасында ақшалай сертификаттардың ұтысы ұйымдастырылады. Бұл туралы БАҚ-та бүгіннен бастап кеңінен жарияланады. Шара вакцина алушылардың артуына оң серпін береді деп отырмыз», – деді Атырау облысының басшысы.