211114163247214a3861922i
- ЖАҢАЛЫҚТАР63 просмотров

Коронавирус індетін тек вакцинациялау жолымен ғана жеңуге болады – инфекционист

Коронавирус індетін тек вакцинациялау жолымен ғана жеңуге болады. Осы орайда Орал қаласындағы №6 емхананың жоғары санатты инфекционист дәрігері Дәния Жанаисова ҚазАқпарат тілшісінің сауалдарына жауап берді.

Оның айтуынша, тұрғындарды вакцинациялау жұмысы биылғы ақпаннан бері аталған емханада да атқарылуда. – Осыған дейін 18 жастан асқан 20 мыңнан астам адам екпе курсынан өтті. Олар ресейлік «Спутник V», қазақстандық QazVac, қытайлық Corona-Vac, Vero Cell және Біріккен Араб әмірліктерінде өндірілген Hayat-Vax вакциналарын қабылдады. Бүгіннен бастап бұған американдық Pfizer компаниясының Comirnaty вакцинасымен егу қолға алынды. Мұның ерекшелігі, келісімдеріне сәйкес және қарсы көрсетілімдері болмаса, жасөспірімдерге, сондай-ақ жүкті және бала емізетін әйелдерге салынады.

Бастапқы күні «Мақсат» медицина колледжінің студенттері белсенділік көрсетті. Олардың 22-сі 17, үшеуі 16 жаста. Оған қоса 3 жүкті және 2 бала емізетін келіншек егілді. Жалпы, барлығы 4 834 адамды осы вакцинамен егу жоспарланған.

– Оған қажетті вакцина жеткілікті ме?

– Егер сол 4 800-ден астам адам келісімін берсе, бәрі де егіледі. Comirnaty вакцинасының ерекшелігі, өте төмен температурада, 90 градус суықта сақталады. Сондықтан ол тиісті лицензиясы бар «Талап» АҚ-ның қоймасында орналастырылған. Біздің емханада бір ай ғана сақтауға болады. Бір ампула 6 адамға есептелген.

– Екпе салу барысы толық бақылауда болады ғой?

– Иә, әрине. Кім-кім де егілердің алдында дәрігерге қаралады. Вакцина қабылдағаннан кейін 30 минут бақылауда болып, жанама әсері сезілмесе, үйіне жіберіледі. Содан кейін де үш күн бойы қадағаланады. Егер қызуы көтеріліп, еккен жері ісініп кетсе, дәрігерге хабарласып, тиісті емін алады.

– Comirnaty вакцинасымен басқа санаттағы адамдар егіле ала ма?

– Мемлекеттік тапсырыс аясына кірмейтін, егілемін деген тұрғындар ақылы түрде қабылдай алады. Бұл вакцина да екі компоненттен тұрады. Екінші компонентін 21 күннен кейін алады. 38 жыл жұмыс тәжірибесі бар дәрігер ретінде айтарым, індеттен тезірек құтылудың жалғыз әрі сенімді жолы вакцинация дер едім. Он сегізінші ғасырдан бері адамзат көкжөтел, туберкулез сияқты дерттерді тек алдын ала егілу арқылы жеңіп шықты. Сондықтан жұртшылықты вакцина алып, пандемиямен бірлесіп күресуге шақырамын. Біздің емханада да сағат 08.00-ден 20.00-ге дейін үзіліссіз, демалыс күндері де екпе жұмыстары жүргізіледі. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда Pfizer вакцинасын егу басталғанын, 17 жастағы студенттің өзінің және жақындарының қауіпсіздігі үшін вакцина алғанын жазған болатынбыз.