Елдегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы жаңарды. Оған сәйкес, Қазақстанның бірде бір өңірі «қызыл» аймақта тұрған жоқ, деп хабарлайды COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК Telegram каналы.
2021 жылғы 6 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы келесідей: «қызыл» аймақта ешбір өңір жоқ; «сары» аймақта Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары тұр; «жасыл» аймақта Алматы, Шымкент қалалары, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстары тұр.
Еске сала кетсек, өткен тәулікте елімізде 632 адамнан коронавирус анықталған болатын. Осылайша, жалпы ел бойынша ауырғандар саны 975 782-ге жетіп отыр. Соңғы мәлімет бойынша 24 125 адам коронавирус инфекциясынан емделуде, оның ішінде 4 948 пациент стационарда, 19 177 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.
Жалпы, 359 адамның жағдайы ауыр, 97 пациенттің жағдайы өте ауыр, 59 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.