EC7B1D1C 905F 4F27 A948 7C759EE467ED
- ЖАҢАЛЫҚТАР241 просмотров

Коронавирус: Атыраудағы кардиология орталығында инфекциялық стационар құрылды

Атырауда кардиологиялық орталықта 100 төсектік инфекция стационары ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, аталған орталықта жүрек-қан тамыр ауруы бар науқастарды қабылдау жалғаса береді.

«Кардиологиялық орталықта жүрек-қан тамырлары сырқатына шалдыққан пациенттерді шұғыл қабылдау үшін 50 төсек-орын бар. Қазір мұндай пациенттерді жоспарлы емдеу үшін кардиологиялық орталыққа жатқызу тоқтатылды. Олар уақытша емханалардағы учаскелік дәрігерлердің бақылауында болады», – деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, бүгін кардиология орталығындағы инфекция стационарына коронавирус инфекциясын жұқтырған 6 науқас жатқызылған. Өңірде өткен тәулікте қауіпті вирусқа шалдыққан 154 науқас анықталған. «Қазір модульдік инфекциялық ауруханада 192, №2 облыстық ауруханада 142, фтизиопульманология орталығында 50 науқас емделіп жатыр. Жылыой ауданында орналасқан Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарда – 52, аудандардағы стационарларда – 132 пациент емделуде. Сондай-ақ, үй жағдайында емделу үшін 608 адам оқшауланды», -деп мәлім етті баспасөз қызметінен. Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудың 7 ауданы мен Теңіз кенішінде коронавирусқа шалдыққандар анықталғанын хабарлаған едік.