210726211952313a3816606i
- ЖАҢАЛЫҚТАР90 просмотров

Кәсіподақтар федерациясы жұмыскерлерге вакцинация мәселесі бойынша үндеу жасады

Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ ұйымдарына, жұмыскерлерге және жұмыс берушілерге коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация мәселесі бойынша үндеу жолдады.

Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақ ұйымдарына, жұмыскерлерге және жұмыс берушілерге коронавирусқа қарсы вакцинация мәселесі бойынша ҮНДЕУІ:

Бүкіл әлем, соның ішінде біздің еліміз де коронавирус инфекциясының кесірінен дағдарысты бастан кешіріп отыр. Пандемия еңбек нарығына кері ықпал етіп, толық емес жұмыспен қамтудың артуына және экономикалық белсенділіктің төмендеуіне, кәсіпорындардың жабылуына, еңбек табысының азаюына, еңбек қауіпсіздігі және еңбек құқықтары саласында жаңа сын-тегеуріндерге алып келуде. Осы жағдайда кәсіподақтар мен жұмыс берушілердің алдында тұрған маңызды міндет – өндірістік әлеуетті сақтап қалу. Жұмыс орындарында вирустың таралуын тоқтату және жұмыскерлердің қорғалуын қамтамасыз ету қажет. Бұл мәселеде ел тұрғындарын вакцинациялау маңызды құрал болып табылады.

Вакцинация – бұл пандемияны тоқтатудың, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудің, жұмысшылар мен олардың отбасыларының денсаулығын қорғаудың жалғыз жолы. Елде вакцинация алғысы келетіндердің барлығына ақысыз вакцинация алуға және ауыр індеттің таралуына жол бермеуге жағдай жасалған. Біз жұмыскерлерді өз денсаулығы мен жақындарының денсаулығына қамқорлық танытып, қауіпсіз жағдайда жұмыс істеу үшін COVID-19 қарсы вакцина алуға шақырамыз. Кәсіподақ активтерін, кәсіподақ мүшелерін: – өзіңіз вакцина алып, өміріңіз бен денсаулығыңызға жауапкершілікпен қараудың үлгісі болуға; – коронавирустың алдын алу және қорғау шаралары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырамыз.

Біз барлық меншік формасындағы ұйымдардың басшыларын: – COVID-19 таралуына қарсы іс-шаралардың орындалуын бақылауды күшейтуге;

– қызметкерлердің вакцина алуын ұйымдастыруға (медициналық ұйымда немесе кәсіпорын аумағында);

– вакцинацияланған жұмысшыларға қосымша әлеуметтік кепілдіктерді қарастыруға (жалақы сақтала отырып, вакцинация күнінде демалыс күнін, демалысқа қосымша ақылы күнді, материалдық төлемдерді және т.б. қарастыру);

– вакцинациядан бас тартқан жұмысшыларға тәртіптік жаза қолданбауға шақырамыз.

Бірлескен күш-жігер мен ынтымақтастықты көрсеткен жағдайда ғана біз COVID-19-ды жеңіп, қалыпты өмірге қайта орала аламыз. Сіздің мықты денсаулығыңыз бен қауіпсіз еңбек жағдайыңыз – біздің басты мақсатымыз! Өзіңізге және жақындарыңызға қамқорлық танытыңыз!

Кәсіподақтар федерациясы