kovid
- ЖАҢАЛЫҚТАР314 просмотров

ДСМ жалған вакциналау паспортын сатушылармен қалай күресіп жатыр

Денсаулық сақтау министрлігі Вакциналау туралы электронды паспорттарды қолдан жасау жағдайларын хабарлады. Бұл ретте жалған төлқұжаттарды түпнұсқадан ажырату мүмкін емес.

«Кей адамдар вакциналау туралы электронды паспорт сатып алуға да өтініш білдірген. Жеке азаматтар да әлеуметтік желілерге және денсаулық сақтау министрлігіне жүгініп, вакциналау паспортын сату фактілері болғанын айтты. Біз өз тарапымыздан ақпараттық жүйе тұрғысынан деректердің дұрыстығына қараймыз. Қалай болғанда да медицина ұйымының қызметкерлері деректерді ақпараттық жүйеге енгізеді. Бұл – олардың жауапкершілігі. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар деңгейінде кім және қалай сатқанын анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде. Әзірге бүкіл ел бойынша мәлімет жинақтаған жоқпыз», – деді ҚР ДСМ электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаментінің директоры Бейбіт Есенбаев тілшілерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, кей азаматтар қандай да бір медицина қызметкерлеріне (шын мәнінде медициналық ұйымдарда жұмыс істейтін) жүгінетін жағдайлар да болады. Олар сыйақыға деректерді ақпараттық жүйеге енгізуді сұрайды.

«Мұнда айырмашылығын табу (вакциналау паспортының – ред.) мүмкін емес. Өйткені, вакцинаны жасаған дәрігерге ақпараттық жүйе заңды түрде қолжетімді және осы деректерді енгізе алады. Бұл да – оның медициналық ұйымның қызметкері ретіндегі жауапкершілігі. Жалған деректерді енгізгені үшін де белгілі бір жауапкершілік қарастырылған», – деді маман.

Департамент директоры жалған паспорттарға қатысты ақпараттық жүйеде деректерді кім, қашан жүргізгені тексеріліп жатқанын айтты. Қате ақпарат енгізу фактілері медицина ұйымдары мен денсаулық сақтау басқармасы деңгейінде де анықталуға тиіс.

«Жергілікті жерлерде адамдарға вакцинаның шынымен салынып жатқанын тексеру керек. Қазір емшара кабинетіне камера орнату бойынша талаптар жоқ, бірақ біз бұл мәселені қарастырып жатырмыз», – деп жауап берді Б.Есенбаев.

Бейбіт Есенбаев электронды үкіметтің мобильді қосымшасында вакциналаудың электронды паспорты жаңартылып, формасы өзгеретінін еске салды.

«Вакциналау паспорты бұрын үш тілде үш бет болатын. Қазір үш тілде ақпарат берілетін бір бет болады. Сондай-ақ, азаматтың жеке мәліметі туралы ақпаратты – төлқұжат нөмірі, туған жылын және QR-код қосамыз. QR-кодты сканерлеп, Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік ресурсына кіруге болады, онда осы электронды паспорттың түпнұсқа немесе жалған екенін тексеруге болады», – деп атап өтті Бейбіт Еңсебаев.