4 1
- ЖАҢАЛЫҚТАР342 просмотров

Биыл 6 миллионға жуық қазақстандық коронавирусқа қарсы вакцина қабылдайды

Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанда жеке вакцина әзірлеушілер, сондай-ақ вакцина өндіруге арналған оқшауланған алаң бар – бұл вакцинамен қамтамасыз етуге байланысты тәуекелдерді барынша азайту және республикамыздағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға айтарлықтай әсер етеді. Осылайша, 2021 жылы біз 6 млн астам адамды егуді жоспарлап отырмыз», – деді Алексей Цой.

Сонымен қатар, министр ресейлік «Спутник V» вакцинасы рекордтық мерзімде сатып алынғанын еске салды. Бүгінде ол Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілуде.

«Отандық тауарды жеткізу бекітілген кестеге сәйкес – биыл 24 ақпанда басталды. Сонымен қатар, биыл сәуір айында ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты әзірлеген – отандық «QazCovid-in» вакцинасын қолдану жоспарланған», – деді ол.

Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық егуге арналған вакцинаны тасымалдалдағанда салқын жерде сақтау мәселелері бойынша стандартты операциялық рәсімдерді әзірледі және бекітті. 2 мыңнан астам медицина қызметкерлері КВИ-ге қарсы вакцинация тактикасы, вакцинацияның қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету бойынша оқытылды.