Кен орнында коронавирус инфекциясына қарсы екпе алуға ниетті 15 мың жұмысшы бар, деп хабарлайды Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Ағымдағы жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасының Үкіметі жаппай вакцинациялау аясында Теңізшевройл компаниясына 15 000 доза GAM-COVID-Vac (Sputnik V) вакцинасын жеткізді.
Теңіз кен орнының әрбір жұмысшысы, оның ішінде тікелей қызметкерлері, агенттік қызметкерлері, экспатрианттар мен іскерлік серіктестер теңіздегі және Атыраудағы қолданыстағы вакцинация орталықтарынан вакцина алуға құқылы.
- Вакцинация тек ерікті негізде жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда вакцина алғысы келетіндердің жалпы саны 15 мыңнан асады, вакциналардың бірінші компонентімен 10 мыңнан астам адам егілді. 2021 жылдың 11 мамырынан бастап ТШО қызметкерлері мен бизнес-серіктестер Атырау, Құлсары, Нұр-сұлтан, Алматы, Орал, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау және Жаңаөзен қалаларындағы «Медикер» орталықтарынан вакцина ала алады, – деп қорытындылады Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, Атырау облысында «QazVac» және «Спутник V» вакциналарының I компонентімен 40 мыңнан астам тұрғын егілді. Бір күн бұрын аймаққа «Hayat-Vax»вакцинасының 7500 дозасы жеткізілген болатын.