Биылғы жүргізілген ақысыз вакцина Атырау халқының 11-12%-ын қамтыды. Қазіргі кезде ақылы түрдегі екпе жұмыстары жалғасуда.
Былтыр Атырау тұрғындарына арнап 30 000 вакцина алдыртса, осы жылы 60 000 болды, деп хабарлайды Атырау облысының коммуникациялар қызметі.
Вакцинаның құны өндіруші мемлекетке байланысты 2 500 тг мен 5 000 тг аралығын құрайды. Жүкті кезде екпенің қай түрін де ұсынбайды. Дегенмен коронавирус кезінде әйелдің иммунитеті нашарлап, әртүрлі ауруды тез қабылдауы орын алып жатса, ДДСҰ-ң ұсынысымен тұмауға қарсы екпені жүкті әйелге салуды ұйғарып отыр. Осы және өзге де ақпараттармен Атырау өңірлік коммуникациялар алаңында өткен онлайн-брифинг барысында № 1 Атырау қалалық емханасы директорының орынбасары Айнагүл Қайырқызы мен №4 Атырау қалалық емханасы директорының орынбасары Ризагүл Ерболатқызы баяндады.
– ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында тұмауға қарсы екпе жұмыстарын жүргіздік. Вакцина саны былтырғы жылмен салыстырғанда биыл 2 есеге көп келді, – деп мәлімдеді №1 Атырау қалалық емханасы директорының орынбасары Айнагүл Қайырқызы.
Сонымен қатар, коронавирус пандемиясының екінші толқынына дайындық жұмыстары өз деңгейінде жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
–№4 Атырау қалалық емханасы бойынша қазіргі уақытта коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Емханада екі айға жеткілікті жеке қорғаныш құралдары мен дәрі-дәрмек қоры жасақталған. 5 000 тұрғынға арнап 10 мобильдік топ құрылды. Олардың құрамында дәрігер, медбике, акушер және психологтар бар. Емханада 2 фильтр жұмыс жасайды. Бірі тұмауға қарсы, екіншісі коронавирус инфекциясының екінші толқынында қызмет атқарады, – деді №4 Атырау қалалық емханасы директорының орынбасары Ризагүл Ерболатқызы.
Еске сала кетейік, коронавирус инфекциясын анықтайтын тестті қала бойынша «OЛИМП» клиникалық-диагностикалық зерханалары, “INVІVO” және Геолог емханасындағы зертханаларда тапсыруға болады.